Қазір осы медициналық орталықта ашық реанимациялық жүйе, 5 фетальды монитор және 10 фототерапия шамдары бар.
Алматы облысының перинаталдық орталығына арналған заманауи реанимациялық жабдықтарды «Өмір сыйлайық» жобасын жүзеге асыру үшін берді.
2021 жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында AYALA қоры Mamma Mia мейрамханаларындағы, Qaganat қоғамдық тамақтандыру желісінде, Gasenergy жанар-жағармай құю кешендерінде, «ҚазМұнайГаз» жанар-жағармай құю кешендерінде, SaksFifthAvenue, Viled дүкендерінде, Air Astana билет сату кеңселерінде, «Керуен», «Керуен Ақтөбе», «Тұмар» сауда орталықтарында орнатылған бокстар арқылы қайырымдылық жарналары, «Касса 24» терминалдары арқылы жасалған қайырмалдықтар, жеке тұлғалардың Halyk Bank арқылы, ayala.kz қорының сайты арқылы жинаған жәрдемдері, сондай-ақ Gasenergy ЖҚШ желісіндегі қайырымдылық акциялары бойынша аударымдар және VILED Fashion желісіндегі қайырымдылық мерчін сатудан түскен түсім түрінде 40 миллион теңгеге жуық қаражат тартты.
Осы қаражатқа қор заманауи реанимация жабдықтарын сатып алып, 2 медициналық орталыққа тапсырды. Алматыда Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы екі инвазивті емес nCPAP (СИПАП) ӨЖЖ аппаратын алды.
Талдықорғанның облыстық перинаталдық орталығы өзінің реанимациясын түрлі патологиялары бар жаңа туған нәрестелерді емдеуге арналған жабдықтармен толық жарақтандыруды қажет етті.
Жыл сайын бұл орталық негізінен Алматы облысының солтүстік аудандарынан шамамен 10 мың босануды қабылдайды. Онда 150 төсек орнатылған, оның ішінде он төсек — Жаңа туған нәрестелер патологиясы және шала туған нәрестелерді күтіп-бағу бөлімшесінде. Онда 34 дәрігер мен 126 орта медицина жұмыскері жұмыс істейді.
«Біздің басты міндетіміз — әрбір отбасының дені сау балалы болуына көмектесу. Сондықтан біз емдеу жұмыстарын орталықтың қабырғасындағы барлық босанудың аман-есен өтуіне және барлық балалардың дені сау тууына бағыттаймыз. Біз реанимация бөліміне құрал-жабдықтар сатып алуға көмектескен AYALA қорына және барлық қазақстандықтарға алғысымызды білдіреміз. Заманауи медициналық технологиялар біздің мамандарға жаңа туған нәрестелерге сапалы көмек көрсетуге, сондай-ақ перинаталдық шығындар мен бала кезден бастап мүгедектік қаупін азайтуға көмектеседі», — деп атап өтті Алматы облысы Перинаталдық орталығының директоры Қанат Қалиқанұлы Жұмашев.
Фетальды мониторлар ұрықтың жүрек қысқаруы мен жатыр жиырылу жиілігін бір мезгілде қадағалаудың арқасында ана мен ұрықтың денсаулық жағдайын дәл қадағалауға мүмкіндік береді.
Ашық реанимациялық жүйе балаларды, оның ішінде шала туған балаларды күтіп-бағу үшін оңтайлы микроклиматтық жағдайларды ұстап тұру үшін арнайы жасалған.
Фототерапия шамы жаңа туған нәрестелердің денсаулығы мен зиятын сақтай отырып, олардың сарғаюын емдеуге көмектеседі. Қандағы уытты билирубиннің жоғары деңгейі дамудағы кідірістерді, атетоидты церебральды сал ауруын, құрысуды, есту проблемаларын қоса алғанда, баланың бас миының қайтымсыз зақымдануына себеп болуы мүмкін.
Құрал-жабдықтарды AYALA қоры «Өмір сыйлайық» республикалық жобасы аясында тапсырды. 14 жыл ішінде қордың бұл жобасы Қазақстанның 36 қаласы мен 67 медициналық мекемесін қамтыды. Жүздеген қазақстандық неонатологтар мен медбикелер біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Жобаны іске асыру барысында ірі демеушілер мен қазақстандықтар аударған 682,2 млн теңгеге қор 116 фототерапия аппаратын, 13 ӨЖЖ аппаратын, 9 жаңа туған нәрестелерді қарқынды терапияға арналған инкубаторларды, 24 ашық реанимациялық жүйені, 27 пациенттердің төсек жанындағы мониторларын, 2 наркоз аппаратын, 9 ЭЭГ мониторын, 7 терапевтік гипотермия аппаратын және 5 фетальды мониторды сатып алып, ауруханаларға жеткізіп берді.
«Әрбір баланың өмірі — еліміз үшін үлкен құндылық. 15 жыл бойы AYALA қоры жаңа туған нәрестелердің өлімі мен мүгедектігін тудыратын себептермен күресіп келеді. Біз Қазақстанның ірі перинаталдық орталықтарын балаларды құтқару және күтіп-бағу үшін заманауи реанимациялық жабдықтармен жабдықтаймыз. Ол 5, тіпті 10 жыл бойы жұмыс істейді. Демек, оның арқасында және неонатолог дәрігерлердің кәсіби білімі мен қамқор қолдарының арқасында пандемия, карантин және басқа да шектеулерге қарамастан мыңдаған баланың өмірі құтқарылатын болады. Біз бұл игі іске жүздеген мың қазақстандықтың қатысып отырғанына өте қуаныштымыз, бұл үшін сіздерге үлкен рахмет және әр күндеріңізге жақсылық пен амандық тілеймі», — деп атап өтті AYALA қорының президенті Айдан Сүлейменова.