Тағы бір облыстық перинаталдық орталық «Басқарылатын гипотермия» жобасы аясында заманауи реанимациялық жабдыққа ие болды. Бүгін ауыр асфиксиямен туған нәрестелерді құтқаруға арналған аппараттық кешен Орал қаласындағы облыстық перинаталдық орталыққа берілді. Бұл «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» қорының демеушілік қолдауымен өңірлерге табысталған бесінші жабдықтар жиынтығы.
Қазіргі уақытта дәлелді медицина тұрғысынан автоматты терапиялық гипотермия жаңа туған нәрестелердің бас миын босанудағы гипоксияның ауыр түрлерінен туындаған қайтымсыз зақымданулардан қорғаудың әлемде мойындалған жалғыз физикалық (дәрі-дәрмексіз) әдісі ретінде қарастырылады.
Мұны елордадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының мәліметтері де растайды. Онда 2017 жылдың қараша айынан 2019 жылдың маусым айына дейін реанимация бөлімінде «AYALA» қоры берген гипотермия жабдығының көмегімен 72 сәби емделді. Көпшілік жағдайда толық клиникалық сауыққан балалар қанағаттанарлық жағдайда үйге шығарылды. Дәрігерлер одан әрі бақылауда оларда қандай да бір елеулі неврологиялық бұзушылықтарды анықтамады.
Терапиялық гипотермияны дүние есігін ашқан нәрестенің өмірінің алғашқы сағаттарында қолдану қажет. Гипотермия аппараттары пайда болғанға дейін қолда бар құралдар қолданылды – нәрестелердің айналасына мұз салынған немесе суық су құйылған пакеттер қойылды. Реанимациядағы дәрігерлер мен медбикелер ондаған сағат бойы жаңа туған нәрестенің орталық жүйке жүйесін құтқару үшін оның қажетті төмен дене температурасын қолмен ұстап тұрды. Гипотермия аппараты олардан осы зор жүктемені алып тастайды. Ол метаболизмді және нәрестенің бас миының зақымданған бөліктеріндегі жасушалардың қалпына келуін бақылауға мүмкіндік бере отырып, нақты температураны автоматты түрде ұстайды. Амплитудалық электрэнцефалография мониторы дәрігерлерге қолданылатын терапияны бақылауға және тиімді түзетуге көмектеседі.
«Батыс Қазақстан облысының барлық болашақ аналары мен әкелері үшін мұндай заманауи медициналық жабдықтың пайда болуы, әрине, тамаша жаңалық. Балалар өлімі мен мүгедектіктін азайту мәселесі біздің облыс үшін өте өзекті. Бұл жабдық біздің дәрігерлерге нәрестелерді құтқаруда, емдеуде және сауықтыруда өте жақсы көмек болатынына сенімдімін. «Samruk-Kazyna Trust» және «AYALA» қорларына гипотермия аппараты мен амплитудалық электрэнцефалография мониторы үшін алғыс айтамыз», — деп атап өтті Батыс Қазақстан облысы перинаталдық орталығының директоры Жанна Ділманова.
Оралдағы облыстық перинаталдық орталықта жыл сайын 6000-нан астам жүкті әйел босанады. Жаңа туған нәрестелердің қарқынды терапиясы және жансақтау бөлімшесінің дәрігерлері жылына 300-ге жуық балаға күтім жасайды. 2022 жылдың қаңтар-тамыз айларында бұл бөлімшеде 176 нәресте емделді.
«Денсаулық сақтау саласындағы өңірлік бастамаларды қолдау – «Самұрық-Қазына» АҚ негізгі басымдықтарының бірі. Елдік ауқымда көмек көрсету «Samruk-Kazyna Trust» қорында компаниялар тобының қайырымдылық қызметін біріктіру арқасында мүмкін болып отыр. Осындай игі жобалар үшін Қор серіктестеріне рахмет. Біздің компания облыс ауруханаларының медициналық жабдықтарын жаңартуға қатысып жатқаннына қуаныштымын», — деп атап өтті «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ филиалы – Орал станциясының басшысы Арман Бәшенов.
«Samruk-Kazyna Trust» және «AYALA» қорларының «Басқарылатын гипотермия» бірлескен жобасы 2020 жылы басталды. Екі жыл ішінде жоба арқылы 6 облыстық перинаталдық орталық реанимацияның медициналық жабдықтарымен қамтамасыз етіледі. Бұған дейін «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен автоматты гипотермияға арналған жабдық Қарағанды облысының көпбейінді ауруханасының перинаталдық блогында, Талдықорған және Ақтау қалаларындағы облыстық перинаталдық орталықтарда, Өскемен қаласындағы Ана мен бала орталығында орнатылған болатын. 2022 жылдың қыркүйек айының соңына дейін «AYALA» қайырымдылық қоры гипотермияның тағы бір аппараттық кешенін Шымкент қалалық перинаталдық орталығына тапсырады.
«2017 жылы біздің қор ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен «Басқарылатын гипотермия» жобасын қолдау туралы меморандумға қол қойды. Осы уақыт ішінде Қазақстанның 12 қаласында «AYALA» қоры орнатқан жабдықтар арқылы 224 жаңа туған нәрестенің өмірі мен денсаулығы құтқарылды. «Samruk Kazyna Trust» қорына балалар өлімі мен мүгедектігін азайтуға көмектесетін бес балалар реанимациясын жабдықтармен жарақтандыруға көмектескені үшін алғысымызды білдіреміз», — деп атап өтті «AYALA» ҚҚ президенті Айдан Сүлейменова.