Есік қаласындағы №1 перинаталдық орталықтың бір қабырғасында балалардың суреттері ілулі тұр. Алғашқы фотосуреттерде олар титтей ғана – бір кездері өмірі үшін дәрігерлер күрескен шала туған сәбилер. Ал басқа суреттерде – сол балалардың бірнеше жылдан кейінгі бейнесі. Бірі бірінші сыныпқа барып үлгерген, енді бірі ата-әжесінің тізесінде отыр, тағы бірі естелікке суретке түсіп тұр, ал кейбірі сахнада ән айтып жүр. Олардың арасында өмір жолын үйіндегі бесіктен емес, реанимация бөлімінен бастаған ұлдар мен қыздар бар.
Бұл фототақта перинаталдық орталықтарға заманауи жабдықтың не үшін қажет екенін кез келген цифрдан артық түсіндіретін шығар.
Өйткені мұндағы әрбір аппараттың артында бір баланың болашағы тұр.
Фотосуреттер ілінген тақтадан бірнеше метр жерде қазір басқа сәбилерге күтім жасалып жатыр. Олардың кейбірінің туған кездегі салмағы небәрі 400–500 грамм. Олар соншалықты кішкентай, енді ғана басталған өмірдің қаншалықты нәзік болатынын ересек адамның елестетуінің өзі қиын.
Балалардың көпшілігі үшін алғашқы тыныс – дүниеге келудің табиғи жалғасы. Ал шала туған сәби үшін ол алғашқы сынаққа айналуы мүмкін.
Оның өкпесі әлі толыққанды жұмыс істеуге дайын емес, ағзасы дене жылуын сақтай алмайды, ал дәрі-дәрмекті әр дозасы маңызды болатындай аса жоғары дәлдікпен енгізу қажет. Мұнда есеп күндер мен сағаттарға ғана емес, кейде минуттарға жүреді.
Осы уақыттың бәрінде сәбидің жанында дәрігерлер болады.
Олар оның тыныс алуына көмектеседі. Әр көрсеткішін бақылайды. Жылытады. Тамақтандырады. Титтей дененің сәл де болса күшейгенін күтеді. Тағы бірнеше грамм. Тағы бір тұрақты күн. Сәбиді ақыры реанимациядан шығарып, кейін анасы мен әкесінің қолына табыстайтын сәтке тағы бір қадам.
Енді Есік қаласындағы №1 перинаталдық орталықта осындай күреске қажетті мүмкіндік көбейді.
Halyk Bank-тің қолдауымен AYALA қайырымдылық қоры орталыққа жаңа туған нәрестелерді реанимациялау және қарқынды терапия жүргізуге арналған заманауи жабдықтарды: өкпені жасанды желдету аппаратын, ашық реанимациялық жүйені, фототерапияға арналған үш шамды және екі инфузиялық сорғыны табыстады.
Осы күрделі медициналық атаулардың артында өте қарапайым нәрселер тұр: сәбидің тыныс алуына көмектесу, қажетті дене температурасын сақтау, неонаталдық сарғаюды емдеу, өмірлік маңызы бар дәрілік препараттарды дәл енгізу.
Ең бастысы – сәбидің ағзасы өздігінен өмір сүруге жеткілікті дәрежеде күшейгенше, дәрігерлерге оны барынша ұқыпты қолдауға мүмкіндік беру.
«Бірнеше күн жыладым»
Ата-аналар үшін жаңа туған нәрестелердің реанимация бөлімі – мүлде басқа әлем. Баламен бірге үйде өткізетін алғашқы тыныш күндердің орнына – күту. Жанындағы бесіктің орнына – медициналық жабдықтар. «Кімге ұқсайды?» деген үйреншікті сұрақтың орнына жалғыз ғана сауал: «Ол өмір сүре ме?»
Мұндай сынақтан жас ана Орынгүл Иманғалиева да өтті. Оның сәбиі мерзімінен бұрын дүниеге келіп, салмағы бір килограмнан сәл ғана асты.
«Алғашында қатты қорықтым. Бірнеше күн жыладым. Не істерімді білмедім. Өте қорқынышты сәттер болды. Бірақ қазір осы аппараттың арқасында үмітім бар. Баламды көріп жүрмін, оның тыныс алып жатқанын, саусақтарын қимылдатып жатқанын, өмір сүріп жатқанын көремін. Жағдайы тұрақты, денсаулығы жақсы. Ана үшін бұдан артық не болуы мүмкін?» – дейді ол.
Бірнеше ғана сөйлем. Ал оның артында қорқыныш пен күтуге толы қаншама күн жатыр.
Бүгінде оның сәбиі қажетті көмекті алып жатыр, ал анасы мұндай бөлімдердегі ата-аналар үшін, бәлкім, кез келген басқа сөзден маңыздырақ сөздерді айта алады: жағдайы тұрақты.
Мұнда мұндай оқиғалар көп.
Перинаталдық орталықтың директоры Дәурен Иманалиевтің айтуынша, мұнда 187 шала туған сәби дүниеге келген, олардың 44-інің дене салмағы өте төмен болған. Табысталған жабдықтың көмегімен 20 сәби жоғары мамандандырылған медициналық көмек алып, үйлеріне, отбасыларына оралды.
Жиырма бала.
Медициналық есепте бұл жай ғана сан.
Ал өмірде бұл – қазір баланың дауысы естілетін жиырма үй. Баласын үйіне алып кете алған жиырма отбасы. Бір кездері реанимацияға қорқынышпен кіріп, кейін ауруханадан сәбиін құшағына алып шыққан жиырма ана.
500 грамнан – алғашқы мектеп қоңырауына дейін
2026 жылдың ақпан айында босандыру блогы жаңа ғимаратқа көшіп, Есік қаласындағы №1 перинаталдық орталық мәртебесіне ие болды. Бүгінде мұнда бүкіл ауданның әйелдері мен жаңа туған нәрестелеріне мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі.
Орталық жыл сайын шамамен 4 000 босануды қабылдайды. Жаңа туған нәрестелердің реанимация бөлімінде 14 төсек-орын бар. Мұнда туғаннан кейін бірден тұрақты бақылауды, респираторлық қолдауды және қарқынды терапияны қажет ететін сәбилер түседі.
Бірақ бүкіл медициналық статистиканың ар жағындағы ең маңызды нәрсені көруге мүмкіндік беретін бір деталь бар.
Сол баяғы фототақта.
Онда орталықтың бұрынғы пациенттері бейнеленген.
Бір кездері дәрігерлер олардың әр тынысын, салмағына қосылған әр грамын бақылап отырды. Бір кездері олардың ата-аналары тіпті алдағы бірнеше күнге жоспар құруға қорқатын.
Ал бүгін фотосуреттерден мүлде басқа балалар күлімдеп тұр.
Аға-інілер мен әпке-сіңлілер, кішкентай бүлдіршіндер, мектеп оқушылары.
Неонатологтар жұмысының ең түсінікті нәтижесі де осы шығар: бір кездері баланың салмағы бірнеше жүз грамм ғана еді, ал арада жылдар өткенде анасы оның мектеп сөмкесін жинап отыр. Бірақ осындай қарапайым таңға дейін қаншама жолдан өту керек болды.
Артында адам өмірі тұрған техника
AYALA қайырымдылық қорының «Өмір сыйлайық» бағдарламасы жиырма жылға жуық уақыттан бері жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде Қазақстандағы 67 медициналық ұйым заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілді.
«Бұл аппараттар жыл сайын Есік пен еліміздің басқа қалаларындағы перинаталдық орталықтардың дәрігерлеріне жүздеген жаңа туған нәрестенің, оның ішінде дене салмағы төмен шала туған сәбилердің өмірін сақтап қалуға көмектеседі. Бүгін біз серіктесіміз Halyk Bank-пен бірге осы көмектің нақты нәтижесін – аман қалған сәбидің өмірін өз көзімізбен көрдік», – деп атап өтті AYALA қайырымдылық қорының вице-президенті Наталья Еськова.
Halyk пен қордың ынтымақтастығы 2010 жылдан бері жалғасып келеді. Осы уақыт ішінде банк AYALA қорының жаңа туған нәрестелердің денсаулығын қорғауға бағытталған жобаларына жүздеген миллион теңге бөлді.
Бұл көпжылдық жұмыстың нәтижесі сатып алынған аппараттардың санымен ғана өлшенбейді.
Қордың деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Орталық Азия елдері арасында неонаталдық өлім-жітімнің ең төмен деңгейіне қол жеткізді, ал дене салмағы экстремалды төмен балалардың өміршеңдігі 4 есе артты.
«Біз мемлекетпен, дәрігерлермен және серіктестерімізбен бірге Қазақстандағы заманауи неонаталдық көмек жүйесін дәйекті түрде қалыптастырып, жетілдіріп келдік. Бүгінде осы ауқымды бірлескен жұмыстың тамаша нәтижелерін көріп отырмыз. Біз үшін Halyk Bank-тің 15 жылдан астам уақыт бойы осы өзгерістердің бір бөлігі болып келе жатқаны ерекше маңызды», – деп атап өтті AYALA қайырымдылық қорының негізін қалаушы әрі президенті Айдан Сүлейменова.
«AYALA қорымен бізді көп жылғы сенім мен бірлескен жұмыс байланыстырады. Біз қорды құрылған алғашқы күндерінен бастап дерлік қолдап келеміз, өйткені мұнда әрбір жобаға, әрбір шешімге және ең бастысы, әрбір баланың өміріне қаншалықты жауапкершілікпен қарайтынын білеміз. Осы жылдардың артында жай ғана сандар мен есептер тұрған жоқ – бұл дер кезінде көмек алған ондаған мың бала және сол көмек үміт сыйлаған мыңдаған отбасы. Біз үшін бұл ынтымақтастық – ең алдымен сенімнің, жауапкершіліктің және құтқарылған баланың өмірінен қымбат ештеңе жоқ деген ортақ сенімнің тарихы», – деп түсіндірді Halyk Bank басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова.
Ең маңыздысы сандармен өлшенбейді
Реанимациядағы заманауи аппаратқа қарағанда, одан жай ғана медициналық техниканы көру оңай: экран, түтіктер, датчиктер, көрсеткіштер.
Бірақ сәл әріге – жанында жатқан сәбиге көз салсаңыз болғаны.
Бүгінде оның салмағы небәрі бірнеше жүз грамм. Алақаны ересек адамның шынашағынан да кішкентай. Ол әлі өз есімін де, бөлім қабырғасының ар жағындағы анасының дауысын да, өзі келуге соншалық асыққан үлкен әлемді де білмейді.
Әзірге оның міндеті әлдеқайда күрделі.
Тыныс алу.
Салмақ қосу.
Өмір сүру.
Ал жанында оған осының бәрін күн сайын жасауға көмектесетін адамдар мен техника бар.
Жылдар өтеді. Бәлкім, бұл сәбидің суреті де бір күні Перинаталдық орталықтың сол қабырғасында пайда болар. Бірақ жаңа фотосуретте ол енді сымдар мен датчиктердің арасында жатпайды.
Ол иығына мектеп сөмкесін асып тұрады.
Немесе саябақта ата-анасының қолынан ұстап жүреді.
Немесе мектептегі суретте күлімдеп тұрады.
Бәлкім, ол бір кездері әр тынысын санаған дәрігерлерді ешқашан есіне түсірмес. Титтей ағзасына күш жинауға уақыт берген аппараттардың атауын білмес. Өмірі басталған палатаны да есіне алмас.
Бұл – мүмкін болатын нәтижелердің ішіндегі ең жақсысы.
Өйткені бір кездері өмірі үшін тұтас бір команда күрескен бала енді жай ғана өмір сүріп жүр.