Ауруханаішілік инфекция — перзентханалардың, перинаталдық орталықтардың және балалар ауруханаларының балалар бөлімшелеріндегі өлім-жітім мен ауыр асқынудың негізгі себептерінің бірі. Бұл проблеманы шешудің себептері мен тәсілдері неонатологтар мен реаниматолог-неонатологтарға арналған оқыту конференциясы барысында талқыланды. Іс-шара 2019 жылғы 27-29 мамыр аралығында Алматы қаласындағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының базасында өтті.
Неонатологтар конгресінің ақпараты бойынша бүгінгі таңда бұл проблема әсіресе жаңа туған нәрестелердің реанимация және қарқынды терапия бөлімшелерінде өткір болып отыр. Дамудың ерекшеліктері мен ілеспе патологияларға байланысты балалардың бұл санаты ұзақ уақыт бойы инвазивті манипуляцияларды қажет етеді. Нәтижесінде медициналық күтімге байланысты инфекциялардың даму қаупі артады.
«Ауруханаішілік инфекция проблемасын шешу үшін алдын алу шаралары мен оны диагностикалаудың уақтылы өлшемдерін білу қажет. Өкінішке қарай, Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі кезеңінде жаңа туған нәрестелер өлімінің айтарлықтай төмендеуіне қарамастан, қазіргі уақытта ауруханаішілік инфекцияларды болдырмау жөніндегі алдын алу іс-шаралары әлі анық қалыптастырылмаған. Сондықтан білім беру бағдарламалары мен тәжірибе алмасу жаңа туған нәрестелерге арналған медициналық көмектің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Неонатологтар конгресінің басшысы Бектұрған Қарин.