Рысжан отбасы егіздердің өмірге келуін күтті. 24-ші аптада болашақ анаға фето-феталды трансфузиялық синдром диагнозы қойылды. Бұл тамыр аномалиясы егіздердің өміріне қауіп төндіретін ұрықтардың біркелкі емес қанмен қамтамасыз етілуіне себеп болды. Осыдан бірнеше жыл бұрын бұл оқиғаның соңы мүлдем басқа болар еді, себебі Қазақстанда мұндай диагнозы бар әйелдерге көмектесе алмайтын. Қазір Ырысжанның қолында 31 аптада дүниеге келген екі дені сау сәбилер бар, олар Алматыдағы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында сәтті жүргізілген феталды отаның арқасында өмірге келді.
Қазақстанда феталды медицина 2023 жылдан бастап қарқынды дамуды бастады, бұл кезде Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі AYALA қайырымдылық қорымен бірлесіп Алматы мен Астанадағы феталды медицинаның екі бөлімшесі үшін хирургтер тобын даярлауды бастады.
«Біз бұл жобаның табысқа жететініне әуел бастан сендік. AYALA қоры көптеген жылдар бойы мемлекетке баланың туғаннан бастап мүгедектік деңгейін төмендетуге көмектеседі. Дәрігерлердің біліктілігін арттырумен біз 10 жылдан астам уақыт айналысып келеміз. Біздің шеберлік-кластарымыз бен курстарымыз арқылы халықаралық сарапшылардан еліміз бойынша 2,3 мыңнан астам дәрігер өтті. Бұл тәжірибе бізге ең қысқа мерзімде үздік практиктерді табуға және қазақстандық феталды хирургтерді даярлауда олардың қолдауына ие болуға көмектесті», — деді AYALA қайырымдылық қорының негізін қалаушы және президенті Айдан Сүлейменова.
Екі медициналық орталықта феталды хирургияны енгізу қазақстандық медицинаны жаңа деңгейге шығарды. AYALA қоры қазақстандық дәрігерлерді шетелдік жетекші мамандардан оқытуды ұйымдастыруға көмектесті. Ол сондай-ақ Алматы мен Астанадағы феталды хирургияның екі бөлімшесін қажетті жабдықтармен жарақтандырды.
2024 жылдың маусым айында Алматыдағы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында халықаралық сарапшылардың қатысуымен алғашқы феталды ота жасалды, шілдеде — Астанадағы «Ана мен бала орталығында» жасалды. Қазір қазақстандық дәрігерлер феталды оталарды өз бетінше жасайды. «Феталды хирургия» жобасының бір жыл ішіндегі жұмысы барысында Қазақстанда 35 құрсақішілік ота жасалды, олар 32 нәрестенің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді. Таяу болашақта дәрігерлер жыл сайын 150-ге жуық феталды ота жасай алады.
Бұл үшін AYALA қайырымдылық қоры «Шеврон» компаниясының қолдауымен УДЗ дәрігерлері мен акушер-гинекологтардың біліктілігін арттыру үшін халықаралық тәжірибелі сарапшылардың қатысуымен курстар өткізеді.
«Қазақстанда феталды хирургияны дамытудың табыстылығы ерте кезеңдегі дәл диагностикаға байланысты. Ұрықтың дамуындағы проблемалар неғұрлым ерте диагностикаланған сайын, қажетті араласуларды жүргізу және болашақ баланың өмірі мен денсаулығын сақтау мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады. Біз AYALA қорының білім беру жобаларына қолдау көрсету еліміздегі медициналық көмектің сапасын арттырып, оны әрбір отбасына қолжетімді ететініне қуаныштымыз», — деп атап өтті «Шеврон» компаниясының әлеуметтік инвестициялар жөніндегі үйлестірушісі Жанар Қошпанова.
Дәрігерлердің ұрық патологиясының сараптамалық УДЗ-диагностикасы бойынша білімі Денсаулық сақтау министрлігінің тағы бір жобасы — «Бір күн клиникасын» толықтырады. Олар 15 мемлекеттік перинаталдық орталықтар базасында жұмыс істейді және ұрықтың дамуын жылдам және дәл генетикалық диагностикалау үшін барлық қажетті жабдықтармен жабдықталған. Алматыда AYALA қоры «Шеврон» компаниясының қолдауымен осындай клиниканы жабдықтауға көмектесті, онда 3,2 мың әйел диагностикадан өтіп, құрсақтағы патология қаупі жоғары 151 жүктілік анықталды. Қазақстан бойынша «Бір күн клиникаларында» туа біткен патологиялардың диагностикасынан 30 мың әйел өтті. Ұрықтың генетикалық ақауларын дәл диагностикалау және құрсақішілік ота жасау МӘМС есебінен жүргізіледі және дені сау балалардың өмірге келуіне көмектеседі.