KZ RU EN

Қайырымдылық қоры

2007 жылы құрылған

<< Артқа оралу

АЛТЫ ЕЛДІҢ НЕОНАТОЛОГТАРЫ ӨЗ ЖҰМЫСЫ ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕЛЕЙДІ

13.11.2026

15 қарашада әлемде Дүниежүзілік шала туған балалар күні атап өтіледі. Бұл — жарық дүниеге асығып, жүктіліктің 37-аптасына жетпей өмір есігін ашқан сәбилердің күні. Бүгінде дәрігерлер салмағы 500 грамға да жетпейтін нәрестелерді аман алып қалып, күтіп-баптап өсіріп жатыр. Олардың көпшілігі дені сау болып ержетеді. Біз Қытай, Түркия, Ирландия, Катар, Қырғызстан және Қазақстанның жетекші неонатологтарымен әңгімелесіп, сәбиінің сауығып, анасымен бірге үйіне оралатын бақытты күнінің артында қаншама қажырлы еңбек жатқанын білдік.

Хань Тунъянь, Қытай: салмағы 450 грамдық сәбиді аман алып қалу бүгінде мүмкін

Соңғы 15 жылда Қытайдың неонатология қызметі қарқынды дамыды. Егер 2010 жылы қытайлық дәрігерлер жүктіліктің 28-аптасында дүниеге келген нәрестелерді күтіп-баптап өсіре алса, бүгінде 26, тіпті 23-аптада туған сәбилердің де өмірін сақтап қалуға мүмкіндік бар.

Пекин университетінің Үшінші ауруханасы (Peking University Third Hospital) педиатрия бөлімінің меңгерушісі, профессор Хань Тунъяньның (Tongyan Han) айтуынша, бұл жетістіктердің артында орасан зор еңбек жатыр. Аталған аурухананың жаңа туған нәрестелерді реанимациялау және қарқынды терапия бөліміне жыл сайын 2000-нан астам сәби түседі. Олардың басым бөлігі — шала туған балалар.

Профессордың есінде ерекше сақталған жағдайлардың бірі — жүктіліктің 23-аптасында небәрі 450 грамм салмақпен дүниеге келген сәби. Қазір ол екі жасқа толды, денсаулығы жақсы.

«Мерзімінен бұрын босанған, қазір осы мақаланы оқып отырып, сәбиінің денсаулығына алаңдап отырған барлық аналарға айтарым: балаларыңыздың дені сау болып өсуіне үлкен мүмкіндік бар. Ал сіздердің махаббаттарыңыз бен қолдауларыңыз оларға зор күш береді», — дейді профессор Хань Тунъянь.

Өмер Эрдеве, Түркия: Түркияда ана мен жаңа туған сәбиге алтын сыйлайды

Анкара университетінің медицина факультетіне қарасты балалар ауруханасының жаңа туған нәрестелерді реанимациялау және қарқынды терапия бөлімі күрделіліктің ең жоғары — IV деңгейіне жатады. Мұнда жағдайы аса ауыр сәбилер жеткізіледі. Олардың арасында ата-анасы 15–20 жыл бойы асыға күткен, бірақ мерзімінен бұрын дүниеге келген нәрестелер де аз емес.
Осы ауруханада педиатрия және неонатология профессоры Өмер Эрдеве (Ömer Erdeve) еңбек етеді.

«Түркия, Гамбия, Әзербайжан, Лаос және Мозамбикте жұмыс істеген жылдарымда мыңнан астам сәбиді аман алып, күтіп-баптап өсірдім. Олардың әрқайсысы — өз отбасы үшін дүниедегі ең қымбат жан. Осындай кішкентай нәрестені аман алып қалып, бақытты ата-анасының қолына «Міне, сәбиіңіз!» деп табыстаған сәттегі сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Неонатологияда еңбек етуге дәл осындай сәттер үшін тұрарлық. Менің 22 жыл бұрын осы мамандықты таңдауымның себебі де осы», — деп еске алады профессор Эрдеве.

Соңғы екі жылда профессор Эрдеве өз жұмысында жасанды интеллектіні пайдаланып келеді. Реанимация бөліміндегі медициналық құрылғылар нәрестенің жағдайы туралы деректерді үздіксіз тіркейді, ал жасанды интеллект оларды жылдам талдайды. Соның арқасында дәрігер емдеуді ертерек бастай алады.

Дегенмен профессордың пікірінше, шала туған сәби үшін ең маңыздысы технология емес, отбасының қолдауы. Сондықтан оның ауруханасында нәресте күтіміне отбасының барлық мүшесін барынша қатыстыруға тырысады. Дәрігердің айтуынша, жақындарының сүйіспеншілігі мен қамқорлығы баланың жүйке жүйесінің дамуы үшін аса маңызды.

«Жұбайлары мерзімінен бұрын босанған ер азаматтарға айтарым: әйелдеріңізге қолдау көрсетіп, сәби күтіміне белсенді қатысыңыздар. Түркияда әдемі дәстүр бар: бала дүниеге келгенде анасы мен нәрестеге киімдеріне қадап, алтын теңгелер сыйлайды. Қазақстанда мұндай дәстүр бар-жоғын білмеймін, бірақ бұл — жаңа өмірге деген ризашылық пен қолдаудың тамаша белгісі», — деп түйіндеді Өмер Эрдеве.

Рой Филип, Ирландия: ана сүті — емнің маңызды бөлігі

Неонатология саласында отыз жыл еңбек еткен профессор Рой К. Филип (Roy K. Philip) Үндістанда, Ұлыбританияда және Ирландияда жұмыс істеп, осы елдерде шала туған балаларға көрсетілетін медициналық көмектің қалай жетілгеніне куә болды.
Алайда ол ең маңызды жаңалық деп басқа жетістікті атайды: әлемдік медицина қауымдастығы ана сүтін шала туған нәрестелерге көрсетілетін қарқынды терапияның толыққанды құрамдас бөлігі ретінде мойындады.

«Ана сүтінің құрамында пайдалы бактериялар, сәбидің иммундық жүйесін іске қосатын заттар, гормондар, тіпті дің жасушалары бар. Әзірге ешбір жасанды сүт қоспасы осы құрамды толық қайталай алмайды. Ана сүті баланы инфекциялардан қорғайды, болашақта семіздікке шалдығу қаупін азайтады, ал шала туған нәрестелерді ішектің қауіпті зақымдануы — некроздық энтероколиттен сақтауға көмектеседі», — деп түсіндіреді профессор Филип.

Ирландияда емшек сүтімен қоректендіруді қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар 20 жылдан бері жұмыс істейді. Егер шала туған нәрестенің анасының сүті жеткіліксіз болса, сәби донорлық ана сүтін ала алады.

«Ирландияда донорлық ана сүтінің банкі бар. Елдің түкпір-түкпіріндегі аналар өз сүтінің артығын басқа шала туған сәбилер үшін тегін тапсырады. Бұл сүт пастерленіп, ауруханаларға жеткізіледі. Қазір еліміздегі барлық шала туған нәрестені донорлық сүтпен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Демек, осы керемет әйелдер де дәрігерлермен бірге мерзімінен бұрын дүниеге келген балалардың өмірін сақтап қалуға үлес қосып жүр», — дейді ол мақтанышпен.

Самир Гупта, Катар: ең бастысы — зиян келтірмеу

Сәби мерзімінен бұрын дүниеге келгенде, алаңдаулы ана дәрі-дәрмек пен емшара неғұрлым көп жасалса, баласы соғұрлым тезірек күш жинайды деп ойлауы мүмкін. Бірақ бұл шынымен солай ма?

Шала туған нәрестелерді күтіп-баптаумен 30 жылдан астам уақыт айналысып келе жатқан профессор Самир Гупта дер кезінде емдеу қаншалықты маңызды болса, қажетсіз медициналық араласудан бас тарту да соншалықты маңызды екенін жақсы біледі.
Қазір ол Дохадағы Sidra Medicine медициналық орталығының неонатология бөлімін басқарады. Мұнда жүктіліктің 22–23-аптасында дүниеге келген, салмағы 500 грамға да жетпейтін нәрестелерді күтіп-баптап өсіреді.

«Ең кішкентай сәбилерге көмектесу үшін жаңа туған нәресте ағзасының қалай жұмыс істейтінін терең түсіну, баланы дер кезінде тексеру және медициналық араласуды тек шынымен қажет болған жағдайда ғана жүргізу керек. Біздің жұмысымыздағы басты қағида — зиян келтірмеу», — деп түсіндіреді профессор.

Бұл ұстаным профессор Гуптаның өзі жетекшілік еткен көпжылдық Baby-OSCAR зерттеуінде де расталды. Зерттеуге жүктіліктің 23–28-аптасында дүниеге келген 653 сәби қатысты. Олардың барлығында туғаннан кейін жүрек маңындағы қан тамыры — артериялық түтік ашық күйінде қалған.

Бұрын дәрігерлер бұл түтікті дәрі-дәрмекпен тезірек жабуға тырысатын. Өйткені ол ашық қалса, нәрестенің өкпесі, ішегі мен миы зақымдануы мүмкін деп есептелді. Алайда зерттеу өмірінің алғашқы күндерінде берілген дәрінің баланың өмір сүру мүмкіндігіне де, болашақтағы денсаулығына да әсер етпейтінін көрсетті. Оның үстіне көптеген нәрестеде бұл қан тамыры уақыт өте өздігінен жабылады.

Сондықтан бүгінде профессор баланың жүрек жағдайын ультрадыбыстық зерттеу арқылы мұқият бақылап, емдеуді тек асқынулар пайда болған жағдайда ғана бастауды ұсынады. Кейде сәбиге күш жинау үшін бәрінен бұрын уақыт қажет.

Сагынбу Абдувалиева, Қырғызстан: сәби өмірін сақтап қалуға тау да кедергі емес

Елестетіп көріңізші: сәби қыста жол қатынасы қиындайтын таулы ауылда мерзімінен бұрын дүниеге келді.
Аумағының басым бөлігін таулар алып жатқан Қырғызстан дәрігерлері үшін мұндай нәрестелерге көмек көрсету — күнделікті жұмыстың бір бөлігі.

Бүгінде жаңа туған сәбилер ауруханаларға жерүсті көлігімен және санитариялық авиация арқылы жеткізіледі. Ал болашақта елде жаңа туған нәрестелерге арналған арнайы реанимациялық-көлік қызметін құру жоспарланып отыр. Бұл қызмет одан да көп сәбидің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді деген үміт бар. Қиындықтарға қарамастан, Қырғызстанда неонаталдық өлім-жітім біртіндеп төмендеп келеді.

«Өкінішке қарай, біздің көрсеткішіміз әзірге Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі болып отыр», — дейді Қырғызстанның штаттан тыс бас неонатологы Сагынбу Абдувалиева.

Оның айтуынша, соңғы жылдары Қырғызстандағы дәрігерлер мен мейіргерлер жаңа туған нәрестелерді күтіп-баптаудың тиімділігі дәлелденген әдістеріне негізделген бірыңғай клиникалық хаттамаларға көшіп жатыр.
Мақсат — сәби қай жерде, ел астанасында ма, әлде шалғайдағы таулы ауданда ма, дүниеге келсе де, оған бірдей заманауи стандарттарға сай медициналық көмек көрсету.

Алайда кез келген клиникалық хаттаманың артында адамдар тұр. Олар — бүкіл ел бойынша нәрестелердің өмірін сақтап қалуды жай ғана жұмыс емес, өмірлік мұрат деп білетін дәрігерлер мен мейіргерлер. Сагынбу Абдувалиева бұл мамандықтың өз жолы екенін мектеп қабырғасында жүргенде-ақ түсінген. Бірде ол перзентханада жұмыс істейтін әпкесінің кезекшілігіне бірге барған.

«Сәбидің дүниеге келуі, ата-ананың қуанышы, әпкем мен бүкіл медицина қызметкерлерінің аналар мен жаңа туған нәрестелерге деген ерекше қамқорлығы маған қатты әсер етті. Сол кезде өмірімді ең кішкентай пациенттерге көмектесуге арнаймын деп нық шештім», — деп еске алады ол.

Осы сезімді ол жылдар бойы жүрегінде сақтап келеді. Бүгінде жас әріптестеріне ең басты құндылықтарды ұмытпауға кеңес береді: «Сәбилерді, адамдарды жақсы көріп, оларға көмектесу керек. Үнемі кәсіби тұрғыдан дамуға ұмтылу қажет, өйткені кемелденудің шегі жоқ».

Бектұрған Кәрін, Қазақстан: 23 промилледен 3 промиллеге дейін — бұл әлі шек емес

Соңғы жылдары қазақстандық дәрігерлердің салмағы небәрі 500 грамм болатын тағы бір сәбиді аман алып қалғаны туралы жаңалықтар жиі жарияланып жүр. Ал осыдан көп уақыт өтпей-ақ мұндай балалардың өмірін сақтап қалу мүмкін емес сияқты көрінетін.

Шала туған нәрестелер қажетті температура мен ылғалдылық сақталатын шағын жылы үйшіктер — кувездерде өсіп-жетіледі. Өздігінен тыныс алуы қиындаған кезде неонатологтар оларды өкпені жасанды желдету аппараттарына қосады. Ал күрделі операциялардан кейін балалар хирургтерімен бірлесіп, сәбилердің сауығып кетуіне көмектеседі.
Ең маңыздысы — мұндай медициналық көмек балаларға өз өңірінде барған сайын қолжетімді болып келеді.
Мәселен, 2025 жылы AYALA қайырымдылық қоры мен «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен Атырау облыстық перинаталдық орталығында неонаталдық хирургия бөлімі ашылды.

Бұрын шұғыл операция қажет болған жаңа туған нәрестелерді басқа ауруханаларға, тіпті елордаға жеткізуге тура келетін. Осылайша қымбат уақыт жоғалатын. Енді дәрігерлер сәбилердің өмірін өз өңірінде сақтап қала алады.

Бөлім ашылған алғашқы күндердің өзінде жүктіліктің 31-аптасында дүниеге келген нәрестенің жүрегіне операция жасалды.
«1990-жылдардың басында дүниеге келген әр мың нәрестенің 23-і бір айға жетпей шетінеп кететін. Бүгінде бұл көрсеткіш мың нәрестеге шаққанда үш жағдайға дейін төмендеді. Дәрігерлер мұны 3 промилле деп атайды. Бұл — Орталық Азиядағы ең төмен көрсеткіш. Бірақ біз қол жеткізген нәтижемен шектелмейміз. Мақсатымыз — Еуропаның дамыған елдеріндегідей неонаталдық өлім-жітімді 1–2 промиллеге дейін төмендету», — дейді Қазақстанның штаттан тыс бас неонатологы Бектұрған Кәрін.
Қазақстанда шамамен 700 неонатолог жұмыс істейді. Осындай шағын кәсіби қауымдастық үшін тәжірибе алмасу мен біліктілікті үздіксіз арттырудың маңызы ерекше.

Бұл бағыттағы жұмысқа елдегі неонатология саласына маманданған жалғыз қайырымдылық ұйымы — AYALA қоры да өз үлесін қосып келеді.

AYALA қоры: 19 жылда 250 мың баланың өмірін сақтап қалуға үлес қосты

Шала туған нәрестелерді күтіп-баптап өсіру үшін екі маңызды шарт қажет: заманауи медициналық жабдық және сол жабдықпен жұмыс істей алатын білікті мамандар командасы.

AYALA қайырымдылық қоры 19 жылдан бері Қазақстанда осы екі бағыттың дамуына үлес қосып келеді.
Қордың қолдауымен жаңа туған нәрестелерге арналған 68 реанимация және қарқынды терапия бөлімі жабдықталды. Қор табыстаған медициналық жабдықтардың көмегімен дәрігерлер 250 мың баланың өмірін сақтап қалды. Ал қордың білім беру бағдарламалары әртүрлі мамандықтағы 4,8 мыңнан астам дәрігер мен мейіргерді қамтыды.

«Неонатологтар сәбиді бұл дүниеде алғаш қарсы алып, оның алғашқы тынысын алуына аялай көмектеседі. Олардың еңбегі сырт көзге әрдайым байқала бермейді. Алайда мыңдаған баланың аман қалған өмірінің артында осы мамандардың күнделікті тынымсыз еңбегі жатыр. Дүниежүзілік шала туған балалар күнінде әрбір неонатолог пен мейіргерге ең кішкентай пациенттерге арнаған төзімі, білімі және мейірімі үшін алғыс айтқым келеді.
Сондай-ақ сәбиі жарық дүниеге асығып, мерзімінен бұрын туған барлық ата-ананы құттықтаймын. Сіздер де, балаларыңыз да үлкен сынақтан өттіңіздер. Сондықтан бұл күн сіздерге де толықтай тиесілі», — дейді AYALA қайырымдылық қорының негізін қалаушы және президенті Айдан Сүлейменова.

Көмектесу

1
Сома
2
Байланыстар
3
Төлем
ЖАЛҒАСТЫРУ
ЖАЛҒАСТЫРУ
Артқа
Артқа

Кері байланыс