Алматы қаласының Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында анасынан тікелей табиғи тағам ала алмайтын шала туған және ауыр сырқаттанған жаңа туған пациенттердің өмірін құтқаруға бағытталған бірегей жоба — ана сүтінің жеке банкі өз жұмысын бастады. Жобаға ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бастамашылық жасады және еліміздегі алғашқы жоба болып табылады.
Оны жүзеге асыруға AYALA қайырымдылық қоры көмектесті, ол емшек сүті банкін қажетті жабдықтармен: клиникалық сүт сорғыштарымен, сүзуге арналған ыңғайлы креслолармен, медициналық жиһазбен, мұздатқыш камерамен, термопотпен және басқа да керек-жарақтармен толық қамтамасыз етті. Емшек сүтімен қоректендіру саласындағы танымал сарапшы Philips Avent бренді банкке стерилизаторлар, бөтелкелерді жылытқыштар, қол сүт сорғыштарын, олар одан әрі балаға физиологиялық тамақтандыруға оңай көшуге мүмкіндік беретін балаларға арналған бөтелкелерді, емшек сүтін сақтауға арналған пакеттер мен контейнерлерді сыйға тартты.
«Біздің орталықта өткен жылы 694 шала туған сәби дүниеге келді. Салмағы 1000 грамға дейін өте төмен 37 балаға күтім жасадық, 80 бала 1500 грамға дейін, қалғандары 1,5 килограммнан астам салмақпен дүниеге келді. Бұл өте үлкен ағын: күн сайын бізге реанимацияға 2 шала туған нәресте түседі. Олардың барлығы тәулік бойы және бірнеше апта қатарынан дәрігерлердің және медицина персоналының бақылауында болады, олардың өмірін қолдау үшін ӨЖЖ мен басқа да аппараттарға қосылады. Сондықтан аналарда емізуге мүмкіндік жоқ. Емшек сүтінің жеке банкі мұндай пациенттерді олардың денсаулығы мен иммунитеті үшін табиғи және анағұрлым пайдалы тамақпен қамтамасыз етуге көмектеседі. Бұл Алматы қаласының неонаталдық қызметін жетілдірудегі маңызды қадам. Ол біздің дәрігерлерге шала туған балалардың көбінің өмірін одан әрі сақтап қалуға көмектеседі. Бұл көмек үшін AYALA қорына және Philips Avent брендіне алғысымды білдіремін», — деп атап өтті Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының директоры Гүлнар Қазтайқызы Нұрланова.
AYALA қайырымдылық қоры Алматы қаласының Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы ашылғалы бері онымен өзара белсенді іс-қимыл жасап келеді. Осы уақыт ішінде қор Орталыққа 250 миллион теңгеден астам сомаға реанимациялық және диагностикалық жабдықтар берді. Қазақстанда өткен жылдың маусым айында AYALA қолдауымен Феталды хирургияның іске қосылуы жеке жетістік болды.
«Біздің қор – неонатологияға маманданған Қазақстандағы жалғыз қор. 18 жыл бойы біз бүкіл ел бойынша неонаталдық қызметті дамытуға көмектесіп, шала туған нәрестелерді құтқаруға белсенді қатысып келеміз. Сондықтан біз туған сәттен бастап дене салмағы өте төмен балаларды ананың сүтімен қамтамасыз етудің қаншалықты маңызды екенін түсінеміз. Біздің жабдық алғашқы жеке емшек сүті банкін құруға мүмкіндік берді. Бұл әрбір шала туған нәресте тек өз анасының сүтімен ғана қамтамасыз етіледі және одан өмір сүруге, иммундық жүйе мен денсаулықты қолдауға қажетті барлық қоректік заттарды алады деген сөз. Ана сүтінің жеке банкі — бұл жүздеген сәбилер үшін өмір сүруге мүмкіндік», — деп атап өтті AYALA қайырымдылық қорының негізін қалаушы және президенті Айдан Сүлейменова.
Алматыдан кейін Денсаулық сақтау министрлігі еліміздің әрбір Перинаталдық орталығында емшек сүтінің жеке банкілерін ашуды жоспарлап отыр.