KZ RU EN

Қайырымдылық қоры

2007 жылы құрылған

<< Артқа оралу

ALMATY MARATHON: ҮЗДІК ЕРТЕҢГІ КҮНГЕ 106 МИЛЛИОН

06.12.2024

«Бірінші болу батылдығы» корпоративтік қорының ең ауқымды жүгіру іс-шарасы және Орталық Азияның жүгіру көшбасшысы Almaty Marathon биыл 62 елден 15 000 астам жүгірушілерді жинады. Жыл сайын әр марафоннан кейін бастапқы жарналар қаражатының бір бөлігі қайырымдылыққа жұмсалады. 2024 жылы қатысушылардың және корпоративтік клиенттердің қосымша жарналарының арқасында рекордтық 79 миллион теңге жинауға қол жеткізілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 миллионға артық.

 «Бірінші болу батылдығы» корпоративтік қоры дамуын жалғастыруда және 2024 жылдан бастап қайырымдылық қызметін кеңейтуге бағытталған жаңа стратегияны іске асыруда.

«Біздің барлық іс-шараларымыз — гендеріне, жасына, дене мүмкіндіктеріне, жүгіру тәжірибесіне және басқа да ерекшеліктеріне қарамастан, барлығына және әрқайсына ашық инклюзивті орта. Соңғы жылдары 3000-нан астам баланың спортпен айналысуына көмектестік. Біз спорт ұлттың денсаулығы мен жалпы дамуының қуатты құралы болып саналатынына сенімдіміз. Жаңа стратегия проблемалардың негізгі себептерін жоюға көмектесетін жүйелі шешімдер жасауға шоғырландырылған. Бұл шынымен де өмірді жақсы жаққа қарай өзгерте алатын неғұрлым терең және ұзақ мерзімді өзгерістерге жасалған қадам», деді «Бірінші болу батылдығы» корпоративтік қорының атқарушы директоры Салтанат Қазыбаева.

Ұйымның жаңа тұжырымдамадағы алғашқы серіктесі AYALA қайырымдылық қоры болды, ол көптеген жылдар бойы ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдаумен айналысып келеді. 17 жыл ішінде ол Қазақстандағы неонатологияға маманданған жалғыз қор болып, еліміздің 67 қаласы мен елді мекеніндегі 264 балалар денсаулық сақтау және білім беру мекемелеріне көмек көрсетті.

Алдағы жылы «Бірінші болу батылдығы» қоры AYALA қорымен бірлесе отырып, жалпы сомасы 106 241 284 теңге болатын екі ірі жобаны жүзеге асырады, олар Шымкент қаласында және Түркістан облысында — Қазақстанда туу көрсеткіші ең жоғары өңірлерде нәресте мүгедектігі деңгейін төмендетуге бағытталған.

Жыл сайын елімізде туа біткен және тұқым қуалайтын аурулармен ауыратын 3500-ге жуық бала дүниеге келеді, ал 100 мыңнан астам баланың мүгедектігі бар, бұл 2010 жылдың деңгейінен екі есе артық. Мүгедектік деңгейін төмендету үшін туа біткен кемістіктерді диагностикалау бойынша инновациялық жобаларды қолдау маңызды. Бұл бағытта «Әлемді көремін» және «Бір күн клиникасы» жобалары жұмыс істеуде. «Бір күн клиникасы» жобасын іске асыруға Almaty Marathon барысында жиналған 79 миллион теңге бағытталады, ал қалған сома басқа іс-шаралар арқылы тартылады.

«Бір күн клиникасы» жобасы (79 541 284 теңге) ұрықтың дамуындағы ауытқулардың нақты диагностикасын жүргізуге мүмкіндік беріп, оны неғұрлым қолжетімді және тиімді етеді. Бұл Түркістан облысында туғаннан бастап мүгедектік деңгейін 40%-ға төмендетуге көмектеседі. Жоба еуропалық стандарттарға сәйкес келеді және № 2 облыстық перинаталдық орталықта FISH әдістемесі бойынша зерттеулер жүргізу үшін микроскопты және оған арнайы зертханалық жабдықты орнатуды көздейді. 15 жыл ішінде бұл жабдық өңірдегі 30 мыңға жуық жүкті әйелді қамтуға мүмкіндік береді.

«Әлемді көремін» жобасы аясында (26 700 000 теңге) қор Шымкенттің «Қалалық перинаталдық орталығында» ретиналды камера орнатады. Бұл қала Қазақстандағы туу бойынша көшбасшылардың үштігіне кіреді. Ретиналды камерамен жабдықтау неонаталды офтальмолог дәрігерлерге шала туған нәрестелерді уақытылы тексеруге, оларға нақты диагноз қоюға және оларды қайтымсыз соқырлықтан құтқару үшін уақытылы емдеу жүргізуге мүмкіндік береді. Камераның жұмысының 10-15 жылы ішінде 24 000 баланы тексеру жоспарланған.

«Біз «Бірінші болу батылдығы» корпоративтік қорына, Almaty Marathon жобасына және осы ауқымды спорттық шараларға қатысушылардың барлығына Түркістан облысында туылған балалардың мүгедектігін азайтуға бағытталған жобаларымызға қолдау көрсеткені үшін ризамыз. Біз тапсыруды жоспарлап отырған жабдық мәселелерді жүйелі түрде шешеді. Сондықтан шала туған балаларда сақталған көру және ұрық ішілік даму патологияларын дәл диагностикалау түріндегі оң нәтижелерді ең қысқа мерзімде көруге болады», деп атап өтті AYALA қайырымдылық қорының негізін қалаушы және президенті Айдан Сүлейменова.

«Бірінші болу батылдығы» корпоративтік қоры негізі қаланған күннен бері қайырымдылық мақсаттарымен айналысып келеді және 12 жыл ішінде Алматы мен Алматы облысында 277 миллион теңгеден астам сомаға 30-дан астам қайырымдылық жобасын іске асырды. Жиналған қаражат Almaty Marathon миссиясын — салауатты және белсенді қоғамды дамытуды, спортты әркімге қолжетімді етуді іске асырады. Олардың арқасында ондаған футбол алаңдары, скалодромдар, спорт алаңдары және сенсорлы интеграцияны, қозғалыс жүйесін дамытуға, сондай-ақ балаларды қоғамдағы өмірге бейімдеуге арналған арнайы жабдықтар орнатылды. Өткен жылы ұйым мыңнан астам бала тұратын немесе оқитын 8 мекемені жаңа жабдықтармен және спорт алаңдарымен жабдықтады. Ұйымның алдыңғы жобаларымен толығырақ мына жерден танысуға болады.

 

Көмектесу

1
Сома
2
Байланыстар
3
Төлем
ЖАЛҒАСТЫРУ
ЖАЛҒАСТЫРУ
Артқа
Артқа

Кері байланыс